Туған жер

Алтын күздің орта айында ОҚМПУ студент жастары «ҚР туризм күніне» байланысты, яғни Қазақстанның киелі жерлері - «Ақ мешіт», «Домалақ ана» кесенелеріне барды. Саяхатқа 115-18, 116-18,129-18,129-16,115-16,116-16 оқу топтары барды. Ел аузында Домалақ ана жайында аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: "Бәйдібек өз заманында асқан бай адам болған. Бірде қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын айдап кетеді. Бұл уақытта Бәйдібек ауылда болмаған екен. Содан жау шапты деген хабардан соң, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нүрила: «Бай-еке, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей-ақ өзі ауылға келеді. Жауды қумаңыз, осы тілегімді беріңіз!» – деп өз отауының белдеуінде байлаулы тұрған, асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр алған бетінен қайтпай, жолға шығып кетіпті. Дегенмен, Бәйдібек жасағы қалың жаудан ойсыра жеңіліп, алты баласынан айырылады. Арада алты күн өткенде шығыстан Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Жаудан өзім айдап келе қоям деген тілегі болмаған Бәйдібектің жылқысын Домалақ ана үйде отырып-ақ, түгел қайтарып алса керек" –деп таныстырды.

   

Ел тарихы – туған жер

2018 жылдың 20 қазан күні Шымкент қаласындағы «Қайтпас 1» мөлтек ауданында орналасқан №58 жалпы орта  мектептің  50 жылдық мерей тойына орай өткен іс – шара барысында Қайтпас елді мекенінің тарихына қатысты жазылған «50 жаңа – Ел жаңа» кітабының таныстырылымы болды. Оған Шымкент қаласының әкімдігі өкілдері, зиялы қауым және жастар қатысты. Іс – шара барысында кітап авторы, аталған мектептің түлегі, бүгінгі күні Туркия мемлекетінің ЖОО оқытушысы Севил Пириева Қараман өзінің туған жері Шымкент қаласы, оның ішінде Қайтпас елді мекені  туралы өз толғаныстарымен бөлісті. Осы кітаптың ғылыми сапасы және жастарға тағылымы туралы  ОҚМПУ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы, т.ғ.к. Анарбаев Қайрат Сапарханұлы арнайы баяндама жасап, болашақта кітаптың ғылымилығын арттыру туралы ұсыныстарын айтты. ОҚМПУ қабырғасында да бұл елді мекеннің тұрғындары еңбек етіп, білім алып жатқандығына тоқталды.

Іс – шара барысында Қайтпас елді мекенінен шыққан қоғам және мемлекет қайраткерлері, өнер мен спорт саласының майталмандары, сонымен бірге ел ертеңі үшін еңбек етіп жатқан азаматтар туралы жастарға мол мағлұматтар берілді.