Туған жердің тарихын тақырып еткен ғалым

09.09.20

   2020 жылдың 4 қыркүйек күні ОҚМПУ «100 жаңа оқулық» коворкинг орталығында елімізге танымал ғалым, журналист-жазушы, білікті педагог маман, тарих ғалымдарының докторы, профессор Сәбит Жолдасовтың (1940-2015) 80 жылдығына орай ғалымды еске алуға арналған «Туған жердің тарихын тақырып еткен ғалым» атты онлайн сұхбат өтті.

Онлайн сұхбатқа ЖОО басшылары, ғалымның отбасы мүшелері, әріптестері мен шәкірттері қатысты. Сұхбаттың өтуі мен ұйымдастырылуына ғалымның өнегелі өмірі мен ғылыми-шығармашылық қызметінің қалдырған іздері негіз болғаны белгілі. Олар туралы сұхбатты жүргізген «Рухани жаңғыру» және тәрбие бөлімінің басшысы, т.ғ.к. Қ. Анарбаев тақырыпқа сай ғалымның бүгінгі жас ұрпаққа сабақ болар тұстарын айқындай түсетін арнайы көрмені таныстыруда айтып өтті. Онлайн сұхбатты ашқан университет ректор міндетін атқарушы, т.ғ.к., доцент Г.Д. Сугирбаева белгілі тарихшы ғалым туралы өз естеліктерімен және кейінгі буынға тәрбиелік жақтарына тоқталды. Отбасы мүшелеріне ғалым мұраларын сақтап, оларды жинақтап отырғанына алғыс айтты. Болашақта өмірінің соңына дейін өзі еңбек еткен осы университеттің дамуына зор үлес қосқан білікті ғалымның тарихы мен шығармашылығын зерттейтін жас буынның шығатынына сенім білдірді. Кейінгі сұхбатқа қатысушылар тарапынан тарихшы ғалымның адамгершілік қырлары, биязы мінезі мен педагогикалық шеберлігі және жазған еңбектерінің мазмұны мен ғылымилығы туралы пікірлерімен ой бөлісті. Өз кезегінде сұхбатқа келген отбасы мүшелері іс-шараның өтуіне мұрындық болған ОҚМПУ- нің басшылығына ризашылықтарын айта отырып, ғалымның бірнеше  кітаптарын ЖОО кітапхана қорына сыйға тартты.