Гранттық жоба нәтижелі аяқталды

10.11.20

 

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті  «Математика» кафедрасының бір топ оқытушы-профессорлары "Болашақ математика мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілігін ақпараттық-коммуникациялық пәндік орталарды әзірлеу арқылы қалыптастыру» тақырыбында  жеңіп алған гранттық жоба бойынша  жоспарланған жұмыстарды толық орындап шықты. Жобаға кафедра меңгерушісі  п. ғ. д. Р. Қадырбаева жетекшілік жасады. Тоғыз адамнан жасақталған топ  Ұлттық ғылыми кеңес шешімімен берілген  14,7 миллион теңге қаржыға 27 ғылыми-әдістемелік мақала, 1 оқу-әдістемелік,  1 оқу құралын және 1 монография жазып, баспадан шығарды.  Бұл еңбектерде  кәсіби құзіреттілікті  қалыптастырудың теориялық және практикалық тәсілдері талданып,  болашақ математика мұғалімінің кәсіби құзіреттілігі қалыптасуына әсер ететін факторлар анықталды.  Жалпыға қол жетімді "Moodle" виртуалды жүйесінде білім беру процесінің субъектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл құрылымы жасақталды және мектеп математикасы курсы бойынша ақпараттық-коммуникациялық пәндік орта әзірленді.  Мұғалімінің кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру критерийлері, көрсеткіштері мен деңгейлері анықталды және университеттегі педагогикалық білім берудің квази-эксперименталды процесінде тиімділігі тексерілді.

Сондай-ақ ғылыми топ мүшелері қазір  «Аралас оқыту технологияларын қолдана отырып болашақ математика мұғалімдерін даярлау процесін жетілдіру» тақырыбындағы тағы бір гранттық жобаны жүзеге асыру үстінде. Қазан айында басталған жаңа жобаны аяқтауға бір жыл мерзім берілген.  Университет оқытушылары осы мерзім ішінде онлайн-курстарды әзірлеу арқылы болашақ математика мұғалімдерін даярлауда аралас оқыту технологиясын қолданудың ғылыми негізделген мүмкіндіктерін анықтауы тиіс.  "Moodle" виртуалды жүйесінде орналасқан "Алгебра және сандар теориясы" пәні бойынша онлайн-курс ұйымдастырады.  "Алгебра және сандар теориясы" пәні бойынша онлайн-курс арқылы аралас оқыту технологиясын әзірлейтін болады.