Ұлағатты ұстаз ғалымдар кеңесіне мүше боп сайланды

04.05.21

 

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің математик ғалымы Роза Қадырбаева Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық Білім академиясы ғалымдар кеңесінің мүшелігіне сайланып, бүгін алғашқы отырысына қатысты. Кеңес отырысында "Қазақстан Республикасы Ұлттық білім доктринасы" құжатының жобасы алғашқы талқылаудан өтті. Отырыста кеңес мүшелері тарапынан жобаға қатысты көптеген сын-пікір мен ұсыныс айтылды. Алдағы уақытта бұл ескертулер назарға алынып, құжатқа түзетулер енгізілетін болады. Және ол жалпыхалықтық талқылауға ұсынылмақ. Ортақ талқылау қорытындысында доктринаның құрылымы мен мақсаты дұрыс анықталғаны айтылып, осы нұсқаны негізге алу туралы шешім қабылданды. Жалпы алғанда доктрина - Қазақстандық білім беру жүйесін ұлттық құндылықтар негізінде брендке айналдыруды көздейді. Ең бастысы отандық білім беру жүйесін жетілдірудің ұстанымдары мен қағидаттарын негіздейтін тұғырнамалық құжат болғалы тұр.