Zhanibekov university logo

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ ЭТНОТУРИЗМДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

27 Ақпан 2026, 18:58
Медиа Орталық

Бүгін университетте Табиғи ландшафттардың экологиялық маңызы және ұлы тұлғаның этнотуризмді дамытудағы орны» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинар Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына, Ақсу-Жабағлы мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына және Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 20 жылдығына арналды.

Ауқымды шараның мақсаты – өңірдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық, ғылыми және мәдени маңызын насихаттау, сондай-ақ ұлттық рухани мұраны сақтауда елеулі із қалдырған тұлғаның этнотуризмді дамытудағы рөлін айқындау болды. Өзбекәлі Жәнібековтің тарихи-мәдени мұраны жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және этнотуризмді дамыту бағытындағы еңбегіне ерекше тоқталды. Оның табиғат пен мәдениетті ұштастыра отырып, өңірлік туризмді дамыту жөніндегі бастамалары әлі де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

— Өзбекәлі ағамыз қай өңірге барса да, сол жердің табиғатынан геологиялық әрі географиялық ерекшеліктерді іздеп жүретін. Көп жағдайда оның тарихи ескерткіштерді сақтауға үлес қосқан этнограф-ғалым екені ғана айтылады. Алайда біз студент кезімізде Алматыдағы Көктөбе жай ғана төбе болатын. Кейін ол жерге канат жолы салынып, тұрғын үйлер тұрғызу жөнінде шешім қабылданғанда, Өзбекәлі Жәнібеков Көктөбеге зәулім ғимараттар салуға үзілді-кесілді қарсы болды. Оның орнына бұл жерде үлкен этноауыл бой көтеруі керектігін айтқан. «Онда бауырсақ пісіріліп, ет асылып, жүгері мен құрттан көже дайындалуы керек», — деген еді ол. Бұл — Көктөбенің туристерді қызықтыратын ерекше географиялық аймақ екенін терең түсінгендігін көрсетсе керек.

Сол сияқты «Отырар» қонақүйі салынар тұста да орыс тіліндегі түрлі атаулар ұсынылғанымен, қонақүйге дәл осы тарихи атаудың берілуіне ықпал еткен Өзбекәлі Жәнібеков болатын, — дейді оның қарындасы, география маманы Айғаным Серім. Семинарда экология және туризм саласы мамандарының байндамалары тыңдалып, табиғат қорғаушы ерікті жастардың ой-толғамдары айтылды. Іс-шара модераторы, аға оқытушы Қызбибі Налмишова арнау өлең оқып, география кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Тәжекова қорытындылады.