Zhanibekov university logo

«МАМАНДЫҚҚА ҚАДАМ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР»: УНИВЕРСИТЕТТЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

13 Қараша 2026, 17:57
Медиа Орталық

Университетте мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, жоғары білім алу мүмкіндіктерімен таныстыру және болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар көрсету мақсатында «Мамандыққа қадам – болашаққа бағдар» атты ашық есік күні ұйымдастырылды. Тағылымды шараны университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев алғы сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шараның арнайы қонағы әрі спикері – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев болды. Ол оқушыларға Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) ерекшеліктері, талаптары, дайындық барысы мен жоғары оқу орнына түсу тәртібі жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, мазмұнды баяндама жасады. Кездесу барысында университеттің тыныс-тіршілігі мен білім беру бағыттарын таныстыратын бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек университеттің жастарға ұсынып отырған мүмкіндіктері, студенттердің білім алуына, жан-жақты дамуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жасалған жағдайлар туралы кеңінен баяндады.

Шара аясында оқушыларға университеттің білім беру бағдарламалары мен мамандықтары туралы ақпараттық парақшалар таратылып, көрнекі материалдар ұсынылды. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізіліп, олардың кәсіби бағдарға қатысты қызығушылықтары мен таңдаулары зерделенді. Ашық есік күні студенттердің концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Тағылымды кездесу мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандығын таңдауда бағыт-бағдар беріп, жоғары білім алу мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға жол ашты.