Zhanibekov university logo

КІТАПХАНА МЕН ТИПОГРАФИЯ ЖҰМЫСЫ НАЗАРДА

10 Қараша 2026, 15:47
Медиа Орталық

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде оқу үдерісін қамтамасыз ететін құрылымдардың жұмысын жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев университет кітапханасы мен типографиясының қызметіне қатысты өзекті мәселелерді саралап, алдағы міндеттерді айқындады.

Алдымен типография жұмысын аралаған Қайрат Балабиевке ІТ департаментінің басшысы Саят Іңкәрбеков оқу орны жанынан басылып шығатын оқу-әдістемелік құралдарды сапалы әрі тиімді жарыққа шығару бағытындағы жұмыстарды баяндады. Студенттерге қолайлы жағдай жасау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, университеттің Шымкент қаласындағы «Гарант» аялдамасы маңында орналасқан ғимаратында білім алушылар ксерокөшірме қызметін пайдалану үшін көшеге шығуға мәжбүр. Осыған байланысты ректор оқу орны аумағында ксерокөшірме аппараттарын орнатып, оларды тиімді пайдалану тетіктерін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ жаңадан пайдалануға берілген ғимараттардың маңына да ксерокөшірме аппараттарын орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді

Бұдан кейін кітапхана жұмысының барысымен танысқан ректорға кітапхана басшысы Халида Шамбулова кітап қоры, әдебиеттердің орналасуы мен сақталу тәртібі, оқырмандарға көрсетілетін қызметтер туралы мәлімет берді. Сонымен қатар биыл жаңадан пайдалануға берілген ғимараттардағы кітапхана жұмысын үйлестіру, студенттер мен оқытушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланып, міндеттер жүктелді. Басты мақсат – университеттің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, білім алушыларға қолайлы орта қалыптастыру және оқу үдерісіне қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттыру.