Zhanibekov university logo

ДАНА НҰРЖІГІТ: «СӨЗ ЖӘНЕ САНА» – ЖУРНАЛИСТИКА МЕН ҰСТАЗДЫҚ МИССИЯ

12 Қараша 2026, 19:23
Медиа Орталық

Бүгін университетте отандық тележурналист, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының VI–VII шақырылымдарының депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Дана Нұржігітпен мазмұнды кездесу өтті. «Сөз және сана: журналистика мен ұстаздық миссия» тақырыбындағы тағылымды жүздесуді университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев жүргізді.

Кездесу барысында қатысушылар назарына Дана Нұржігіттің өмір жолы мен кәсіби қалыптасу кезеңдерін қамтыған арнайы бейнеролик ұсынылды. Онда журналистің отандық телевизия саласындағы еңбегі, қоғамдық қызметі мен ел өміріндегі маңызды оқиғаларға араласқан кезеңдері көрсетілді.

Кездесудің маңызды сәттерінің бірі – Дана Нұржігіттің «Көлеңке. 115-1» кітабының тұсаукесері болды. Автор жаңа туындысының мазмұны мен көтерген мәселелері жөнінде ой бөлісіп, оқырманға жеткізгісі келген негізгі идеяларына тоқталды.

Сонымен қатар жүздесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сталкинг тақырыбы кеңінен талқыланды. Қатысушылар бұл құбылыстың адам психологиясына, жеке қауіпсіздігіне және қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетіне әсері жөнінде пікір алмасты. Журналист тақырыптың әлеуметтік маңызына тоқталып, жеке шекараны құрметтеу мен адам құқығын қорғаудың өзектілігін атап өтті.

Ашық форматта өткен кездесуде университет оқытушылары мен студенттері көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қонақпен еркін пікір алмасты. Дана Нұржігіт журналистиканың жауапкершілігі, сөздің салмағы, кәсіби ұстаным, қоғам алдындағы азаматтық міндет және ұстаздық миссия туралы ойларын ортаға салды.

Тағылымды жүздесу болашақ журналистер мен педагогтер үшін кәсіби тәжірибе алмасудың, ой көкжиегін кеңейтудің және сөз құдіреті мен азаматтық жауапкершіліктің мәнін терең түсінуге шақырды. Шараны Республикалық Аналар алқасы университетпен бірлесіп ұйымдастырды.