ДӘСТҮРТАНУ ПӘНІН МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНГІЗУДІ ҰСЫНДЫ
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғалымдары Түркістан облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұрпақ тәрбиесі бағытындағы жобаны жүзеге асыруда. Ғалымдар Жаңа Қазақстан жағдайындағы ұлттық тәрбиенің өзекті мәселелеріне орай дәстүртану пәнін мектептерде оқытуды қолға алуда.
Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленум жиналысында айтылды. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық даму басқармасының басшысы Болат Жанәбіл, кеңес мүшелері мен аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары мен тірек мектептерінің басшылары қатысты. Сондай-ақ, университет Басқарма мүшесі-стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек, Тәрбие және жастар ісі департаментінің директоры Қайрат Анарбаев, Әсия Оразова, Күлсара Махмұдова, Жүзира Қуатова сияқты оқытушы-профессорлар құрамы презентация жасап, жастар тәрбиесінде халықтық дәстүрлерді насихаттау, оның маңызы, аға ұрпақтың еңбек даңқы туралы ой бөлісті. Аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары жарыссөзге шықты.
Дәстүртану – халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани мұрасын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дүниетанымын жүйелі түрде оқытатын бағыт. Жаңа Қазақстан жағдайында бұл пәннің маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Себебі жаһандану үдерісі күшейген сайын ұлттық құндылықтарды сақтау, оны жас буынның бойына сіңіру мәселесі өзекті күйде. Аталған пән аясында оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлері, отбасылық тәрбие үлгілері, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, қонақжайлылық, еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттермен танысады. Сонымен қатар, бұл пән арқылы ұрпақтар сабақтастығы нығайып, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесі жас буынға жеткізіледі. Бұл бағытта ардагерлер кеңесі, «Әкелер мектебі» және «Әжелер алқасы» секілді қоғамдық институттардың қатысуы ерекше маңызды. Олар тек теориялық біліммен шектелмей, өмірлік тәжірибе арқылы тәрбиенің нақты үлгілерін көрсетеді. Ғалымдардың пікірінше, дәстүртану пәнін мектеп бағдарламасына енгізу – тәрбие жұмысын жүйелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол қазіргі қоғамдағы рухани дағдарыстың алдын алуға, жастар арасындағы түрлі теріс ағымдарға қарсы тұратын иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді.
Жиында жақында ғана өмірден озған Қазақстанның құрметті журналисі, облыстық «Әжелер алқасының» төрайымы Үрзада Айтөрееваны әріптестері бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет білдірді.


Осыған ұқсас
КЕЗЕКТІ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕС МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
ҚОС МЕРЕКЕГЕ АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ
ХАБАРЛАНДЫРУ 05.05.2026
ӘСКЕРИ КАФЕДРА ТҮЛЕКТЕРІНІҢ АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ ӨТТІ
Хабарландыру. 04.05.2026
ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТКІЗІЛДІ
МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ МЕН МҰҒАЛІМДЕРДІ МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
ӨҢІРЛІК ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ: СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАҢА МҮМКІНДІК
«ОҢТҮСТІК ТАРИХЫНАН СЫР» АТТЫ МАЗМҰНДЫ КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ