Zhanibekov university logo

ҰЙЫМДАР МЕН ҮЙІРМЕЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

7 Қазан 2026, 16:21
Медиа Орталық

Бүгін университетте студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдап, қоғамдық белсенділігін арттыруға және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған Ұйымдар мен үйірмелер жәрмеңкесі өтті. Студенттер аллеясында ұйымдастырылған іс-шараға университеттің студенттік ұйымдары мен шығармашылық үйірмелері қатысып, өздерінің өнімдері мен қолөнер бұйымдарын ұсынды.

Іс-шараны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Балабиев құттықтау сөзбен ашты.

—Құрметті студенттер! Бүгінгі жәрмеңке – университет қабырғасында жастарға ұсынылып отырған мүмкіндіктердің кең екенін көрсетеді. Студенттік ұйымдарға белсенді қатысу – жаңа достар табудың ғана емес, көшбасшылық қабілетті қалыптастырып, жауапкершілік пен шығармашылықты дамытудың үлкен мектебі. Университетіміздің басты құндылығы – білімді, бәсекеге қабілетті, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастар. Сіздердің әрбір бастамаларыңыз бен идеяларыңыз біз үшін маңызды. Армандарыңызға қанат бітіріп, қабілеттеріңізді жүзеге асыруға университет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіледі, — деді Қайрат Рахымұлы.

Іс-шара барысында «Ақбаян» сән театры «Жігерлі жастар» топтамасын көпшілік назарына ұсынып, сән әлеміндегі шығармашылық жұмыстарын таныстырды. Топтаманың авторы – халықаралық дәрежедегі дизайнер, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, Мәскеудегі «Этно – Эрато» байқауының «Алтын қайшы» иегері, Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Марат Ерімбетов. Сонымен қатар «Алқа» әдеби бірлестігі, «Бірлік» этносаралық достық ұйымы, «Жалын» студенттік ұйымы, «Қазақстан студенттер альянсы», «Жарқыра» сахналық өнер ұйымы, «Enactus» жас кәсіпкерлер ұйымы, «Болашақ» пікірсайыс орталығы, «Шексіз үміт» волонтерлық ұйымы өздерінің шығармашылық және қоғамдық бағыттағы жұмыстарын таныстырды. Жәрмеңке аясында әндер орындалып, ұлттық және заманауи билер, флэшмобтар, мюзикл, пародиялық қойылымдар ұсынылды. Әр ұйым өз бағытын ерекше форматта таныстырып, студенттердің қызығушылығын арттырды. Іс-шара соңында демеушілер тарапынан белсенді қатысушыларға сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Жастар бастамаларын қолдаған демеушілер қатарында Arginbektegi Doner, Shym Sales, Zuuray, Qasymkitap бар.