Zhanibekov university logo

ЖӘНІБЕКОВ СТУДЕНТІ — ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ!

1 Қазан 2026, 15:14
Медиа Орталық

 

Денешынықтыру және спорт факультетінің 1-курс студенті Назарқасымова Сәния кикбоксингтен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін асқақтатты. Италияда өткен дүбірлі додаға әлемнің 79 мемлекетінен спортшылар қатысып, әр елдің үздік жас спортшылары бақ сынады. Қазақстан құрамасы жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте І орынға ие болды. Құрама қоржынында 25 алтын, 20 күміс және 21 қола медаль бар.

Әлем чемпионы атанған студентті бүгін оқу орнының Басқарма төрағасы-Ректор Қайрат Балабиев арнайы жеңісімен құттықтады. «Сенің бұл жетістігің – өзің үшін ғана емес, факультетіміз бен университетіміз үшін де зор мақтаныш. Алдағы уақытта да спорттағы биік белестерді бағындырып, ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғай бер. Оқуыңа да, спорттық мансабыңа да сәттілік тілеймін. Жеңісті жолың жалғаса берсін!»деді Қайрат Рахымұлы.

Айта кетелік, Сәния Назарқасымова жарысқа қатысу жолдамасын Алматы қаласында өткен іріктеу кезеңінде жеңіп алған. Әлем чемпионатында ол Польша, Хорватия және Болгария елдерінің спортшыларымен үш жекпе-жек өткізіп, қарсыластарының бәрінен басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Жас спортшының бұл жеңісі – оның қажырлы еңбегі мен табандылығының, жаттығу барысындағы ізденісі мен спортқа деген жоғары жауапкершілігінің нәтижесі. Сонымен қатар бұл жетістік оқу ордасында спорт саласына көрсетіліп отырған қолдаудың да жемісі.