100 күн: жұмыс нәтижелері
Қадірлі қауым!
Құрметті оқырмандар! Бүгін сіздердің назарларыңызға университет ректоры қызметіне кіріскен алғашқы 100 күн ішінде атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелерін, қолға алынған бастамаларды және алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді ұсынуды жөн көрдім.
Алғашқы 100 күн – университет қызметінің барлық бағыты бойынша түбегейлі өзгерістер жасау үшін ұзақ мерзім емес. Дегенмен бұл кезең қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерделеуге, өзекті мәселелерді анықтауға, басқарушылық шешімдер қабылдауға және нақты жұмыстарды бастауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі» деп атап көрсеткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің негізгі мақсаты болашақ педагогтердің кәсіби даярлығының сапасын арттыру, ғылыми-педагогикалық әлеуетті нығайту және заманауи талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыру болып табылады.
Осы мақсатта қызметке кіріскен алғашқы 100 күн ішінде университеттің білім беру инфрақұрылымын дамытуға, академиялық және ғылыми қызметінің сапасын арттыруға, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін нығайтуға, білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және басқару жүйесін оңтайландыруға басымдық берілді.
Атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелеріне тоқталуға рұқсат етіңіздер.
- УНИВЕРСИТЕТТІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ
Қазіргі уақытта Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде барлығы 69 білім беру бағдарламасы бойынша кадрлар даярланады. Оның ішінде бакалавриатта – 30, магистратурада – 21, докторантурада – 15 және колледжде 3 білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар, педагогикалық білімі жоқ мамандарды қайта даярлау бағдарламалары жүзеге асырылып, оларды аяқтаған тыңдаушыларға тиісті сертификаттар беріледі.
Бүгінгі таңда университетте барлығы 8 889 білім алушы оқиды. Оның ішінде бакалавриатта – 7 690, магистратурада – 567, докторантурада – 152,
колледжде – 418, педагогикалық қайта даярлау бағдарламалары бойынша – 24, дайындық бөлімінде – 38 білім алушы бар.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамы 446 бірлікті құрайды. Оның ішінде 24 ғылым докторы, 168 ғылым кандидаты, 44 PhD докторы, 193 магистр және 17 маман бар. Университеттің ғылыми әлеуеті 52,9 %-ды құрайды.
Бұл көрсеткіштер университеттің қазіргі академиялық және кадрлық әлеуетін сипаттайды.
Сонымен қатар, ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамының үлесін арттыру, білікті мамандарды тарту және ғылыми мектептердің қызметін дамыту біздің басым міндеттеріміздің бірі болып қала береді.
- БІЛІМ БЕРУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАНЫ НЫҒАЙТУ
Алғашқы 100 күн ішінде ерекше назар аударылған негізгі мәселелердің бірі – университеттің материалдық-техникалық базасын кеңейту және оқу процесіне қажетті жағдайларды жақсарту. Осы бағытта университеттің инфрақұрылымы екі қосымша оқу корпусымен толықты. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Д. Қонаев көшесі, 118 мекенжайында орналасқан төрт қабатты ғимарат 900 млн теңгеге сатып алынды. Сонымен қатар, Желтоқсан көшесі, 89 мекенжайындағы ғимарат 2027 жылғы сәуір айына дейін жалға алынды. Аталған ғимаратты кейіннен қала әкімдігі тарапынан сатып алып, университетке беру мәселесі бойынша келісім жасалды.
Жаңадан іске қосылған екі оқу корпусының есебінен университеттің аудиториялық қоры 5 000 шаршы метрге кеңейтілді. Бұл – оқу сабақтарын тиімді ұйымдастыруға, аудиториялық қорды ұтымды пайдалануға және білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа оқу корпустарында қажетті оқу жағдайлары жасалып, аудиториялар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Барлық оқу ғимараттары мен Студенттер үйлерінде Білім алушыларға арналған асханалар мен медициналық пункттер ашылды.
Оқу ғимараттарының цифрлық инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа корпустар талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы интернетке қосылды. Ғимараттарға ішкі интернет желісі тартылып, 58-ден астам сымды
қосылу нүктесі және әрқайсысы 200 пайдаланушыға дейін қосылуды қамтамасыз ететін 7 жоғары өнімді сымсыз желі нүктесі орнатылды.
Сонымен қатар, Байтұрсынов көшесі, 63 мекенжайындағы «С» оқу ғимараты мен Иляев көшесі, 16 мекенжайындағы «Б» оқу ғимаратында қосымша 12 жоғары өнімді сымсыз желі нүктесін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында жалпы ауданы 20 мың шаршы метр болатын оқу ғимараттары мен асханаларда, сондай-ақ 7 мың шаршы метр жатақхана аумағында күрделі және жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Университеттің барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларына Face ID жүйесі енгізілді. Бұл жүйе ғимараттарға кіруді бақылауды жетілдіруге және университеттің ішкі жұмыс тәртібін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Диссертациялық кеңестер санының артуына байланысты диссертациялық жұмыстарды қорғауға арналған арнайы залды аудио-бейне жабдықтарымен қамтамасыз ету және ашу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, жаратылыстану бағытындағы білім беру бағдарламалары үшін оқу және ғылыми-зерттеу практикасын ұйымдастыру мақсатында Машат шатқалында орналасқан, жалпы ауданы 2,9 гектар болатын лагерьді пайдалану бойынша «Сайрам-Өгем» ұлттық паркімен келісім жасалды.
Осылайша, есепті кезеңде білім беру инфрақұрылымын кеңейту, оқу ғимараттарын жаңғырту және практикалық даярлық базасын дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылды.
- БІЛІМ АЛУШЫЛАР КОНТИНГЕНТІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Университет қызметінің маңызды бағыттарының бірі – білім алушылар контингентін қалыптастыру, талантты жастарды тарту және әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейту.
2026–2027 оқу жылында университетке 2 912 білім алушы қабылданып, жалпы контингент 9 мыңға жуықтады.
Бұл бағытта талапкерлерді ынталандыру және білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында бірқатар жаңа бастамалар іске
асырылды. Атап айтқанда, университет тарихында алғаш рет бірінші курсқа қабылданған 100 білім алушыға ректор гранты тағайындалды.
Сонымен қатар, магистратура мен докторантураға түсу кезінде жоғары балл жинаған үміткерлерге алғаш рет 30 ректор гранты берілді.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан оқу жетістіктері жоғары және әлеуметтік осал топтарға жататын, университетімізді таңдаған талапкерлерге 88 грант берілді.
Әлеуметтік қолдау шаралары аясында 46 білім алушыға оқу ақысының 30%-ы мөлшерінде, ал бір білім алушыға 50% мөлшерінде жеңілдік тағайындалды. Біздің ұстанымымыз – білім алушының әлеуметтік жағдайы оның сапалы білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сондықтан алдағы уақытта да білім алушыларды қолдау, академиялық жетістіктерді ынталандыру және талантты жастарды университетке тарту жұмыстары жалғасын табатын болады.
- ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРУ ЖӘНЕ ДОКТОРАНТТАРДЫ ДАЯРЛАУ
Құрметті оқырмандар!
Университеттің академиялық беделі мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – оның ғылыми әлеуеті. Осы тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылыми-технологиялық дамудың маңыздылығына тоқталып, «Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес» деген болатын. Бұл ұстаным университеттердің алдына ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, білікті ғылыми кадрларды даярлау және ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығын күшейту міндеттерін қояды.
Осыған байланысты алғашқы 100 күн ішінде ғылыми-педагогикалық кадрлық әлеуетті арттыру және докторанттарды даярлау жүйесін дамытуға ерекше назар аударылды.
Есепті кезеңде ғылыми дәрежесі бар 21 оқытушы жұмысқа қабылданды. Нәтижесінде университеттің ғылыми әлеуеті 4,9%-ға өсті.
Қазіргі уақытта докторантурада 152 докторант білім алуда. 2026–2027 оқу жылында докторантураға 55 докторант қабылданды. Бұл көрсеткіш өткен екі жылмен салыстырғанда 25%-ға артық.
Ғылыми кадрларды даярлаудың маңызды тетіктерінің бірі – диссертациялық кеңестердің қызметін дамыту. Осы бағытта бұрынғы диссертациялық кеңестерден бөлек қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі және биология педагогтерін даярлау бағыттары бойынша төрт диссертациялық кеңес ашылды.
Алдағы міндет – ағымдағы оқу жылында диссертациялық кеңестер санын 10-ға жеткізу және 30 докторанттың диссертациялық жұмыстарын қорғауын қамтамасыз ету. Бұл міндеттерді іске асыру ғылыми жетекшілік сапасын арттыруды, докторанттардың зерттеу нәтижелілігін күшейтуді және диссертациялық жұмыстарды қорғауға жүйелі дайындықты талап етеді.
- ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ҚЫЗМЕТІН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҒАЛЫМДАРДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ
Университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мақсатында ғылыми портфельге талдау жүргізілді. Нәтижесінде ғылыми жобаларға жетекшілік етуге әлеуеті бар профессор-оқытушылар құрамының 55 өкілі анықталды. Қазіргі уақытта аталған оқытушылармен ғылыми жобаларды әзірлеу, конкурстық өтінімдерді дайындау және гранттық қаржыландыруға қатысу бағытында жеке сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде.
Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен қолдаудың тиімді тәжірибелерін енгізу мақсатында Түркияның Гази университетінің ғылыми зерттеулерді қолдау институтының тәжірибесін Жәнібеков университетіне енгізу бойынша келісім жасалды.
Ғылыми қызметтің нәтижелілігін арттыру үшін профессор-оқытушылар құрамын материалдық ынталандыру тетіктері де қарастырылды. Университеттің ішкі рейтинг жүйесі бойынша ғылыми жетістіктері жоғары, профессор-оқытушылар құрамының үздік 10%-ына кіретін ғалымдарға 200 мың теңгеге дейін үстемеақы тағайындалды.
Сонымен қатар, мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен ғылым саласындағы сыйлықақылар конкурстарына 17 ғалым құжат тапсырды.
Беделді рецензияланатын ғылыми басылымдардағы 25 ғылыми жарияланым үшін 56 ғалымға жалпы сомасы 4,2 млн теңге көлемінде ынталандыру сыйақысы берілді.
Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми белсенділігін ынталандыру және университеттің ғылыми әлеуетін нығайту.
- АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖЕТІЛДІРУ ЖӘНЕ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ
Академиялық адалдық қағидаттарын нығайту, білім беру бағдарламаларын дамыту және заманауи цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру, білім алушылар мен оқытушылардың жауапкершілігін арттыру және білім нәтижелерін әділ әрі ашық бағалау тетіктерін жетілдіру мақсатында университет Академиялық адалдық лигасына қосылды. Бұл қадам академиялық ортадағы ашықтықты қамтамасыз етуге және білім беру сапасын бағалаудың әділ қағидаттарын орнықтыруға бағытталған.
Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту – уақыт талабы ғана емес, еліміздің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы», – деп атап көрсетті.
Біз болашақ педагогтерді даярлайтын университет ретінде жасанды интеллектіні тек технологиялық құрал ретінде ғана емес, жаңа буын мұғалімдерінің цифрлық құзыреттерін қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қарастыруымыз қажет.
Осы бағытта университетте нақты жұмыстар атқарылуда.
Білім алушылардың кәсіби және цифрлық құзыреттерін дамыту мақсатында Coursera халықаралық білім беру платформасының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда.
Университетке бөлінген 300 лицензия аясында қыркүйек айынан бері 600 білім алушы курстан өтті.
AI-Sana бағдарламасының үшінші кезеңіне университеттен 1 600 білім алушыны қатыстыру бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне енгізу бағытында да нақты нәтижелер бар. Бүгінгі таңда университетке бөлінген
679 ChatGPT лицензиясын пайдалану үшін 594 қолданушы тіркелген. Лицензияларды пайдалану көрсеткіші оқу жылының басындағы 50,9%-дан 87,4%-ға дейін артты. Ағымдағы айдың соңына дейін бөлінген лицензиялардың толық пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Оқу аудиторияларының технологиялық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында 30 жаңа интерактивті панель орнатылды.
Бас ғимараттағы № 306 дәріс аудиториясы үлкен LED экранмен жабдықталды.
Сонымен қатар, педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларымен сабақтас ғылыми бағыттар бойынша 7 бағдарлама тізілімге енгізу үшін сараптамаға, ал 2 бағдарлама лицензиялауға жолданды.
Алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестендіру, оқытудың инновациялық әдістерін енгізу және цифрлық құзыреттерді дамыту жұмыстары жалғастырылатын болады.
- ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУ
Құрметті оқырмандар!
Университеттің халықаралық білім беру кеңістігіне кірігуі – стратегиялық дамуымыздың маңызды бағыты.
Есепті кезеңде халықаралық байланыстарды кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, шетелдік ғалымдарды тарту және академиялық ұтқырлықты күшейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Халықаралық ынтымақтастық аясындағы маңызды жобалардың бірі – Түркия Республикасының Гази университеті филиалының қызметін дамыту.
2026 жылғы тамыз айында филиалға оқуға түсуге өтініш берген 152 үміткердің ішінен алғашқы 78 студент іріктеліп, қабылданды.
Қыркүйек айында мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі қолданыстағы әдістемеге сәйкес «Қаржы орталығы» АҚ арқылы есептеліп, министрлікке жолданды.
Филиалдың қызметін қамтамасыз ету мақсатында жалпы ауданы 2 мың шаршы метр болатын жеті қабатты ғимарат алынып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Гази университетінен төрт оқытушы келіп, 2026 жылғы 21 қыркүйекте филиалдың академиялық оқу жылы басталды.
2026 жылғы 2–5 қыркүйек аралығында Гази университетіне жұмыс сапары жасалып, филиалдың қызметін дамыту, ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша келісімдер жасалды. Сапар нәтижесінде екі университет арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі арнайы жол картасы бекітілді.
Халықаралық әріптестік
2026 жылғы 13–16 қыркүйек аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары және
«Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммиті аясында қазақстандық делегация құрамында Корея Республикасына жұмыс сапары жасалды. Сапар барысында жасанды интеллект, технологиялық әріптестік, ғылыми байланыстарды нығайту және Орталық Азияда климаттық технологияларды дамыту мәселелері бойынша бірқатар келісімдер жасалды.
Сонымен қатар, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен, Қырғыз-Түрік «Манас» университетімен және Ататүрік университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.
2026–2027 оқу жылында Өзбекстан, Қытай Халық Республикасы, Индонезия, Мысыр, Ауғанстан және Палестинадан келген 54 білім алушыға Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасына сәйкес визалық қолдау көрсетілді.
Шетелдік ғалымдарды тарту
«Болашақ: 500 ғалым» бағдарламасы аясында университеттің екі ғалымы Германия мен Ұлыбританияға ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберілді.
Шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында Түркия, Малайзия, Үндістан, Пәкістан және Польшадан ғалымдардың келуі жоспарланды. Бұл ретте, Малайзия, Үндістан, Польша, Түркия профессорлары келіп, студенттерге дәрістер оқып, докторанттар мен профессор-оқытушылар құрамына семинарлар мен тренингтер өткізді. Жыл соңына дейін Пәкістан ғалымдары келеді деп күтілуде.
Қос дипломды білім беру бағдарламалары
Қазіргі уақытта халықаралық әріптестермен бірлесіп, қос дипломды білім беру бағдарламалары іске асырылуда.
Қытай Халық Республикасының Сиань халықаралық білім университетімен бірлесіп, «6В01303 – Филология: ағылшын және қытай тілдері» білім беру бағдарламасы аясында қос дипломды бағдарлама ашылды. Онда 20 білім алушы оқиды.
Гази университетінің филиалында «6В01710 – Ағылшын тілі мұғалімі» білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды оқыту жүзеге асырылуда. Білім алушылар саны – 76.
Солтүстік (Арктикалық) федералдық университетімен бірлесіп,
«7М01702 – Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды бағдарлама іске асырылуда. Аталған бағдарлама бойынша бір білім алушы оқиды.
Бұл бағыттағы жұмыстар халықаралық білім беру бағдарламаларының аясын кеңейтуге және білім алушылардың академиялық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
- АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚТЫ ДАМЫТУ
Есепті кезеңде білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту бойынша нақты жұмыстар атқарылды.
Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 86 студент Чехия, Польша, Малайзия, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан елдеріндегі серіктес жоғары оқу орындарына бір семестрлік оқуға жіберілді.
Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарына 12 студент жіберілді.
Сонымен қатар, серіктес жоғары оқу орындарынан 10 студент университетімізге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуға келді.
Профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы бойынша шетелдік серіктес жоғары оқу орындарына тәжірибе алмасу және семинар-тренингтер өткізу үшін 9 оқытушы жіберілді.
Қазақстанның жоғары оқу орындарына 10 оқытушы тәжірибе алмасуға жіберіліп, отандық серіктес жоғары оқу орындарынан 3 оқытушы университетімізге дәріс өткізуге келді.
Сонымен қатар, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен профессор-оқытушылар құрамына, қызметкерлер мен білім алушыларға арналған тегін түрік тілі курсы ұйымдастырылды. Курсты Түркия Республикасының азаматы, PhD докторы Мухтерем Сайгын жүргізетін болады.
Бұл жұмыстар университеттің халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға және профессор-оқытушылар құрамының кәсіби дамуына бағытталған.
- УНИВЕРСИТЕТТІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ОҢТАЙЛАНДЫРУ
Университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін басқару жүйесінің тиімділігі мен кадрлық ресурстарды ұтымды пайдалану ерекше маңызға ие. Осыған байланысты алғашқы 100 күн ішінде университеттің ұйымдық құрылымына талдау жүргізіліп, оны оңтайландыру бойынша шешімдер қабылданды.
Жұмыс тиімділігін талдау нәтижесінде әкімшілік-басқару және оқу-көмекші персонал құрамынан 29 штаттық бірлік қысқартылып, соның есебінен білім беру сапасын арттыру және басым бағыттарды дамыту мақсатында профессор-оқытушылар құрамы мен колледжге қосымша 38 штаттық бірлік бөлінді.
Бұл шаралар кадрлық ресурстарды университеттің негізгі академиялық қызметіне бағыттауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, конкурстық іріктеу нәтижесінде 5 факультет деканы, 10 кафедра меңгерушісі және профессор-оқытушылар құрамының 35 өкілі тиісті лауазымдарға тағайындалды.
Университеттің қаржылық тұрақтылығын нығайту, академиялық дербестігін арттыру және ұзақ мерзімді даму мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында университет жанынан эндаумент қорын құру мәселесі қолға алынды. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының бір топ депутатымен кездесу өткізіліп, қорды құрудың құқықтық негіздері мен іске асыру тетіктері талқыланды. Аталған мәселе университеттің Директорлар кеңесінің қарауына ұсынылып, тиісті шешім
қабылданды. Қазіргі уақытта эндаумент қорын құруға байланысты қажетті ұйымдастырушылық және құқықтық жұмыстар жүргізілуде.
- ТӘРБИЕ ЖҰМЫСТАРЫ, РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК
Университеттің негізгі міндеті тек кәсіби білікті маман даярлаумен шектелмейді.
Біздің басты мақсатымыз – білімді, жауапкершілігі жоғары, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін және қоғамның дамуына үлес қоса алатын тұлға қалыптастыру.
Осыған байланысты есепті кезеңде білім алушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, құқықтық сауаттылығына, әлеуметтік бейімделуіне және қоғамдық белсенділігіне бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
2026 жылғы 1 қыркүйекте «Қызғалдақ» сарайында 2 060 адамның қатысуымен Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өткізілді.
Бірінші курс білім алушыларын жаңа академиялық ортаға бейімдеу мақсатында жатақханаларда кездесулер ұйымдастырылды.
Шымкент қалалық ардагерлер ұйымымен бірлескен Академиялық кеңестің алғашқы отырысы өткізілді.
Сондай-ақ «Отбасын құруға дайынсың ба?» тақырыбында талдамалық-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.
Білім алушылардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында құқық қорғау және көші-қон саласының мамандарының қатысуымен «Заң мен тәртіп» қағидаттарын түсіндіруге арналған кездесу өткізілді. Оған 165 шетелдік білім алушы қатысты.
2026 жылғы 21–25 қыркүйек аралығында «Құқықтық сауаттылық, толеранттылық мінез – ортақ міндет» тақырыбында кездесулер апталығы ұйымдастырылып, оған 1 800 білім алушы қатысты.
Юнисеф Қазақстан Оңтүстік хабы ұйымдастырған «Back to Study: Safe & Ready» («Бэк ту стади: Сейф энд рэди») іс-шарасына 200 білім алушының қатысуы қамтамасыз етілді.
Университетімізге есімі берілген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің рухани мұрасын насихаттау бағытында да маңызды жұмыстар жүргізілді. 2026 жылғы 28 тамызда оның 95 жылдық
мерейтойына арналған «Өзбекәлі Жәнібеков – ұлт руханиятын жаңғыртқан тұлға» ғылыми семинары өткізілді.
4 қыркүйекте Отырар ауданы әкімдігімен бірлесіп, «Руханият пен тіл: Өзбекәлі Жәнібеков және Өмірзақ Айтбаев тағылымы» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Қыркүйек–қазан айларында Өзбекәлі Жәнібеков орталығының ұйымдастыруымен тұлғаның өмірі мен қызметі туралы естеліктер жинақталып, бейнематериалдар дайындалып, әлеуметтік желілерде жариялануда.
Қазан айында шамамен 1 500 бірінші курс білім алушысын қамтитын
«Жәнібековтану» іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры», «Ұстаз – өмірдің шамшырағы», «Алтын ұяға 60 жылдық сағынышпен» тақырыптарында мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілді.
Студенттердің шығармашылық белсенділігін дамыту мақсатында студенттік ұйымдар мен шығармашылық үйірмелер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Дәстүрлі Shymkent Marathon жарысына университеттің 154 адамнан құралған командасы қатысты.
Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығы мен Арқалық қаласының 70 жылдығына орай Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының «Арқалықтың ақ таңы» спектаклін университет ұжымы мен білім алушылардың тамашалауы ұйымдастырылды.
Аталған жұмыстар студенттердің жан-жақты дамуына, университеттің корпоративтік мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталды.
Бұдан бөлек есепті кезеңде университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің сапасы мен нәтижелілігін күшейту, өнертапқыштық және инновациялық қызметті қолдау, өңірдің табиғи-биологиялық ресурстарын зерттеу мәселелері бойынша отандық және шетелдік жетекші ғалымдармен, университет ректорларымен бірқатар жұмыс кездесулері өткізілді.
- АЛДАҒЫ КЕЗЕҢНІҢ БАСЫМ МІНДЕТТЕРІ
Алғашқы 100 күн ішінде атқарылған жұмыстар университеттің даму бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді. Дегенмен алдымызда шешімін күтіп тұрған міндеттер аз емес.
Алдағы кезеңде мынадай бағыттарға басымдық берілетін болады.
Бірінші – білім беру сапасын арттыру. Білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, оларды еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіру және заманауи педагогикалық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасады.
Екінші – ғылыми әлеуетті нығайту. Ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың үлесін арттыру, ғылыми жобаларға қатысуды күшейту және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін қамтамасыз ету көзделеді.
Үшінші – докторантураны дамыту.
Ағымдағы оқу жылында диссертациялық кеңестер санын 10-ға жеткізу және
30 докторанттың диссертациялық жұмыстарын қорғауын қамтамасыз ету жоспарлануда.
Төртінші – халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Гази университетінің филиалын дамыту, қос дипломды білім беру бағдарламаларын көбейту, халықаралық академиялық ұтқырлықты кеңейту және шетелдік ғалымдарды тарту жұмыстары жалғасады.
Бесінші – цифрлық трансформацияны дамыту.
Білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, профессор-оқытушылар құрамының цифрлық құзыреттерін жетілдіру және цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Алтыншы – университеттің инфрақұрылымын жетілдіру.
Оқу ғимараттарын жаңғырту, зертханалық базаны нығайту және студенттерге қолайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау жұмыстары жалғасады.
Жетінші – басқару тиімділігі мен қаржылық тұрақтылықты арттыру.
Университеттің ұйымдық құрылымын жетілдіру, ресурстарды тиімді пайдалану және эндаумент қорын құру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру жоспарлануда.
Алғашқы 100 күн ішінде атқарылған жұмыстарға тоқтала отырып, бір маңызды мәселені атап өткім келеді. Университеттің дамуы – бір адамның немесе жекелеген құрылымдық бөлімшенің ғана жұмысы емес. Бұл – ортақ мақсатқа жұмылған бүкіл ұжымның жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін сапалы педагогикалық білім беретін, ғылыми зерттеулері дамыған, халықаралық байланыстары кеңейген және заманауи білім беру технологияларын тиімді пайдаланатын жоғары оқу орны ретінде дамыту.
Ол үшін ең алдымен білім сапасына, ғылыми нәтижелілікке, академиялық адалдыққа, кәсіби жауапкершілікке және басқару тиімділігіне басымдық беруіміз қажет.
Осы орайда, атқарылған жұмыстарға белсенді қатысып, университеттің дамуына үлес қосып жүрген профессор-оқытушылар құрамына, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына, қызметкерлерге және білім алушыларға алғысымды білдіремін.
Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеп, университетіміздің білім беру және ғылыми әлеуетін одан әрі арттыратынымызға сенім білдіремін.
Назарларыңызға рақмет!
Осыған ұқсас
БОЛАШАҚҚА БАҒДАР ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ
БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ: «СТУДЕНТТЕРІ 100 ПАЙЫЗ САБАҚҚА КЕЛЕТІН УНИВЕРСИТЕТ»
ОҚПУ ҰЖЫМЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ
СТУДЕНТТЕРІМІЗ —ЗИЯТКЕРЛІК ТУРНИРДІҢ ҮЗДІКТЕРІ!
РЕКТОР ЖАЙДАРМАНШЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
«ЕҢСЕСІ БИІК ЕГЕМЕН ЕЛІМ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
«ТОЛЫҚ АДАМ – САНАЛЫ, БІЛІМДІ, ЖАУАПТЫ ТҰЛҒА» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАСТАРҒА АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
«ҚОҒАМДЫ ІЗГІЛЕНДІРУДЕГІ АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
«КҮМІС УНИВЕРСИТЕТТЕ» ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУЫ СОҒЫЛДЫ!